Абзал Әжіғалиев Канадада таңдай қақтырды

Әне-міне дегенше қысқы спорт түрлерін қызықтайтын кез келіп жетті. Қазақстан спорты үшін жаңа маусым сәтті басталып, Калгариде аяқталған Әлем кубогы жолындағы жарыстың бірінші кезеңінде шорт -трек шебері Абзал Әжіғалиев күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды SportX.kz.

Канадада жалауын көтерген Әлем кубогы үшін жарыстың нәтижесі қазақстандық спортшылардың жаңа маусымға тыңғылықты дайындықпен келгендерін көрсетеді. 500-метрлік дистанцияда екінші нәтиже көрсеткен Абзал Әжіғалиевтің жеңісін ерекше атап кеткен жөн. Жарыс жолын 40.136 секундта еңсерген Абзал Қазақстан рекордын жаңартты.

Бұл дистанцияда бас бәйгені ақ ойындардың чемпионы қытайлық Дацзин (39.915) иеленсе, тұғырдың үшінші сатысына венгриялық Шандор Лю көтерілді.

Финалдық сында бақ сынаған жерлесіміз Еракебұлан Шамұханов бесінші орынды місе қылды. Әйелдер және аралас командалар арасындағы эстафетаға қатысқан қазақ спортшылары жүлдесіз қалған жоқ. Әйелдер додасында Анастасия Крестова, Әсел Тайшманова, Ольга Тихонова және Йонг А Ким төрттігі күміспен күптелсе, аралас құрама командалар бәсекесінде Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша Анастасия Крестова және Йонг А Ким тізе қосқан шеберлер екінші нәтиже көрсетті.

Мұхиттың арғы бетінде жалғасын табатын ӘК-ның екінші кезеңінде ұлттық құраманың бір бөлігі ғана бақ сынайды. Алғашқы кезеңде олжа салған Абзал Әжіғалиев АҚШ -тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтетін додаға қатыспайды.

Қазақ жанкүйерлерінің құлағына алтын сырға ӘК -ның үшінші кезеңі 7-9 желтоқсан күндері Алматыда өтеді.

 

Пікір жазыңыз