Жасөспірімдердің III-жазғы олимпиадалық ойындарында қазақтың жас боксшылары ерлеп тұр. Бүгін Буэнос-Айрес шаршы алаңында үш бірдей оғланымыз ақтық сында өнер көрсетеді, деп хабарлайды SportX.kz.
Жасөспірімдер олимпиадасы бағдарламасы аясындағы бокс турнирі Қазақстан құрмасы үшін сәтті өтіп жатыр.
91-келіде бақ сынаған Айбек Оралбай ширек финалда чилилік қарсыласы Андрес Сальгадоға дес бермесе, жартылай сында пуэрторикалық Элвин Каналестен басым түсті. 64 келі тартатын Талғат Шәйкен жартылай финалда марокколық спортшыны қуалай жүріп сабап, финалдан орын алды. Алтын үшін жұдырықтасатын үшінші боксшымыз- Дамир Тойбай. Дамирға артылған жүк ауыр. Байрақты доданың салтанатты ашылу рәсімінде көк туымызды көтеріп шыққан азамат, бүгінгі кездесуде сенімінің үдесінен шығуға күш салатын анық. Қарсыласы — өзіне жақсы таныс.
Осы жылы Венгрияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Дамир Тойбай күміс жүлдегер атанған. Жерлесіміз талас тудырған ақтық жекпе-жектің нәтижесі бойынша ресейлік Алексей Дроновтан ұтылып қалған еді. Венгриядағы финалдық жекпе-жекті төмендегі бейнематериалдан көре аласыздар. Арада екі ай өтпестен екі мықты Буэнос-Айресте қолғап түйістіргелі отыр яғнии жол-жөнекей өзгелерді шаң қаптырған екі мықтының басы қайта қосылды. Дамир жартылай сында канадалық Тетлуа Чуолдың екі аяғын бір етікке тыққан. Бізге ендігі керегі Дроновтан есе қайтару.