ЖОО-2018: Ресейлік боксшылар тағы да жолымызды кесті

Аргентина астанасы Буэнос-Айресте жасөспірімдердің III-Жазғы олимпиадалық ойындары жалауын түсірді. Соңғы күнге дейін жалғасқан боксшылар додасынан қазақ жастары -1алтын, 2 күміс және бір қола медаль олжалап қайтты, деп хабарлайды SportX.kz

Төрт жылда бір айналып келетін мәртебелі додаға үкілеп қосқан боксшыларымыздың үшеуі финалға шыққан. Сол үшеуінің екеуі алтын алса, төбеміз көкке жетіп, бір жасап қалар едік. Алайда ақтық жекпе-жектердің нәтижесі біз күткендей болмады. Алдымен аса ауыр салмақтағы өкіліміз Дамир Тойбай, өзіне жақсы таныс орыс боксшысы Алексей Дроновтан ұтылды. Осыдан екі ай бұрын Венгрияда өткен әлем чемпионатында орыстың еңгезердей оғланы Дамирдің алдын орап кеткен еді. Сонымен Дамир бауырымыз Дроновқа екінші рет есе жіберіп отыр. 64 келідегі сенім артқан боксшымыз Талғат Шәйкенов те финалға қиналмай жеткен. Бірақ ақтық жекпе-жекте орысқа тап болған Талғат та жеңілістің ащы дәмін татты. Екі кездесуде де бес төрешінің төртеуі ресейлік боксшыларды жеңімпаз деп таныған.

91 келі салмақта сынға түскен Айбек Оралбай жарады. Сәл артқа шегіне кетсек,  Айбек те Венгрияда ресейлікке жол беріп, күміс медальды місе қылған. Бұл жолы Айбектің салмағында Ресей құрамасының өкілін көрмедік. Жерлесіміз ақтық сында алжирлік Мохамед Хасидті 5:0 есебімен ұтып, олимпиадалық ойындардың жеңімпазы атанды.

Қоржынымызға түскен қола жүлдені 75 келіде сынға түскен Надежда Рябец жеңіп алды.

 

Пікір жазыңыз