Аргентинада өтіп жатқан жасөспірімдердің 3- жазғы олимпиадалық ойындары күн санап қыза түсуде. Кезекті жарыс күні көркем гимнастикадан іріктеу кезеңі аяқталып, үздік шыққандар ақтық сында күш сынасуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды SportX.kz.
Әлемдік ірі спорттық форумдарда күтпеген жағдайлар жиі демесек те болып тұрады. Буэнос-Айрес олимпиадасы қазақстандық көркем гимнастика шебері Роза Абитоваға тосын сый дайындап қойыпты. Аралас командалық сынның іріктеу нәтижесі бойынша қазақстандық прима ақтық сыннан шет қалған. Сондағы жетпей қалғаны бары-жоғы 0,50 балл ғана.
Соған қарамастан Роза күміс жүлде иегері атанып шыға келді. Мұнысы қалай дейсіз ғой. Ұйымдастырушылар жарысқа қатысушыларды бірнеше топқа бөлген кезде, Абитова енген топ еншілеріндегі ұпай саны бойынша екінші орынға лайық болып шығады. Осылайша, Роза Абитова күтпеген жерден жазғы олимпиадалық ойындардың күміс жүлдесімен марапатталды.