Жиеніміздің жетінші жеңісі

Аса ауыр салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Жан Кособуцкийдің жеңісті жолы жалғасуда. Жерлесіміз өзінің жетінші жекпе-жегінде украйналық Константин Довыщенкодан (3-2, 1 КО) басым түсті, деп хабарлайды SportX.kz.

Жасы отызға таяп қалған қазақстандық боксшыны спорт сүйер қауым соққылары ауыр нағыз нокаутер ретінде жақсы біледі. Он екі айдың ішінде шаршы алаңға алты рет көтерілген Жан Кособуцкий, сол кездесулердің бәрін мерзімінен бұрын аяқтаған. Суперауыр салмақтағы боксшылар үшін бұл керемет нәтиже. Бірақ Минскіде өткен жетінші жекпе-жекке келгенде Жанның тамаша сериядан тұратын рекорды бұзылды. Қарсыласы Константин Довыщенко әбден ысылған һәм әккі боксшы болып шықты. Дегенмен алты раундтық кездесу ұпай санымен жерлесіміздің пайдасына шешілді.

Бүгінгі матч Жан Кособуцкийдің биылғы жылы өткізіп отырған төртінші жекпе-жегі. Әсті, қазақтың жиені титулдық матчтарға тезірек жетуді көздеп жүрген сыңайлы.

Пікір жазыңыз