4-тамыз күні Атлантик -Ситиде (Нью-Джерси штаты, АҚШ ) үлкен бокс кеші өтеді. Кештің орталық матчында жартылай ауыр салмақ категориясы бойынша WBO нұсқасының чемпионы ресейлік Сергей Ковалев (32-2-1, 28 КО) пен колумбиялық Элейдер Альварес (23-0, 11 КО) кездеседі. Осы кеш андеркартасынан жерлестеріміз Мадияр Ашкеев пен Меиірім Нұрсұлтановқа да орын тиіпті, деп хабарлайды SportX.kz.
Мадияр Ашкеев (9-0, 5 КО) пен Мейірім Нұрсұлтанов (7-0, 6 КО) әзірге жеңлістің ащы дәмін татпаған, ертеңінен үміт күттіріп жүрген шеберлер. Алдағы сегізраундтық жекпе-жекте Мейірім Нұрсұлтанов доминикандық 33-жасар боксшы Джонатан Батистамен (17-14, 10 КО) қолғап түйістіреді. Батистаның есімі бокс жаңалықтарын қалт жібермейтін жанкйерлерге таныс болуы мүмкін. 2015-жылы доминикандық боксшы Қанат Исламмен (25-0, 20 КО) кездесіп, жекпе-жек алғашқы раундта-ақ жерлесіміздің айқын жеңісімен аяқталған.
Атлантик-Ситидегі бокс кешінде Мадияр Ашкеевпен кездесетін боксшы жайлы толық мәлімет беру әзірге мүмкін болмай тұр. Ә дегенде қазақ боксшысы америкалық Клеотис Пендарвиспен (21-4-2, 9 КО) жұдырықтасатын болған. Кейіннен мексикалық Фернандо Каркамомен ( 23-8, 18 КО) кездеседі деген сыбыс шықты, ал BoxRec сайты Мадиярдың алдағы кеште эквадорлық Эдуардо Флореспен (26-29-4, 15 КО) күш байқасатынын жазады.