13 қазан күні Квебекте (Канада) үлкен кәсіпқой бокс кеші өтеді. Осы күні рингке әзірге жеңіліп көрмеген қазақ батырлары шығады, деп хабарлайды SportX.kz.
Тәубе, кәсіпқой бокстан көкірек керіп мақтана алатын жағдайдамыз. Мұхит асқан жерлестеріміздің аяқ-алыстары бәрімізді қуантады. Жақын жылдары олардың арасынан негізгі нұсқалар бойынша әлем чемпионы атағына таласатын боксшылар өсіп шығатынына күмәніміз жоқ.
Квебектегі бокс кешіне қатысатын бауырларымыздың да ертеңіне үлкен үмітпен қараймыз. Олар әзірге жеңілістің ащы дәмін татқан емес. Бір қызығы алдағы кеште үшеуі де мексикалықтармен кездесетін болыпты. Супер орта салмақта бақ сынап жүрген Нұрзат Сабыров (7-0, 6 КО) сегіз раундқа жоспарланған матчта Адриан Луна Флореспен (20-5-1, 13 KO) қолғап түйістіреді.
Бірінші орта салмақтағы үмітіміз Садриддин Ахмедовтің (3-0, 3 КО) қарсыласы Норберто Гонсалестің (23-11, 13 КО ) есімі қазақстандық бокс сүйер қауымға жақсы таныс. Мексикалық шебер 2017-жылы төрешілер шешімімен Қанат Исламнан ұтылған болатын.Тәжірибесі мол Гонсалес енді Ахмедовпен бақ сынасып көрмек.
Осы күні шаршы алаңға көтерілетін үшінші боксшымыз Абылайхан Құсайыновқа (8-0, 5 КО) Хесус Лагуна (22-12-3, 19 КО) қарсы тұрады.