Алғаш рет Еуропадан тыс жерде жалауын көтерген көпкүндік «Джиро д`Италияның» бірінші кезеңінде, дәстүрлі велододаның былтырғы жеңімпазы Том Дюмулен үздік шықты. Жекелей сыннан өткен алғашқы кезеңнің жарыс жолын (9,7км) 12 минут 2 секундта еңсерген голландиялық велошабандоз өзгелерді шаң қаптырды.
Көпкүндік мәртебелі велододаның алғашқы кезеңі, дүние жүзіндегі ең көне қалалардың бірі Иерусалим көшелері арқылы өрбіді. Жеңімпазға 2 секунд ұтылған аустралиялық Роан Деннис мәре сызығын екінші қиса, үшінші орынға Lotto Fix All (Lotto Soudal) командасының өкілі Виктор Кампенертс табан тіреді.
Astana Pro Team сапында ең үздік нәтиже көрсеткен Пельо Бильбао, жарыс қорытындысы бойынша алтыншы орыннан табылды. Астаналық велошабандоз Том Дюмуленге 18 секундтай ұтылды.
Sky командасының лидері және капитаны Скотт Фрум жеңімпаздан 37 секундқа қалып қойды.