Жас боксшыларымыз дес берер емес

Будапештте жасөспірімдер арасында бокстан әлем чемпионаты жалғасуда. Әзірге жас боксшыларымыздың аяқ-алысы жаман емес. Алғашқы жарыс күні үш боксшымыз жеңіске жетсе, келесі күні тағы төртеуі турнирдің келесі кезеңіне өтті, деп хабарлайды  SportX.kz.

Бұл жолы шаршы алаңға бірінші болып көтерілген Бейбарыс Жексен (56 келі) қарсыласы француз Билел Гурариге ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Бәсекені бағалаған төрешілер 5:0 есебімен жеңісті жерлесімізге ұстатты. Чемпионаттағы алғашқы жекпе-жегін әзербайжандық Нурлан Сафаровпен өткізген Рахат Сейітжанов (60 келі) та намысты қолдан берген жоқ. Сафаровты жарыстан шеттеткен Рахатты да жарыстың келесі сатысынан көретін боламыз.

Бұрымды боксшыларымыз Анель Құдайберген мен Айзада Еслямғали алғашқы жекпе-жектерін тамаша өткізе алды.  Анель Құдайберген (48 келі) жергілікті Доминика Витальды, ал Айзада Еслямғали (54 кг) украйналық Анастасия Лисинскадан алда болды.

Бүгін шаршы алаң төріне тағы төрт боксшымыз шығады. Жансая Әбдірайымова (51 келі) неміс қызы Кети-Джейн Саториусты сынаққа алса, Мария Гладкова бразилиялық құрбысы Ребекка Сантоспен кездеседі. 52 келі салмақ категориясында жерлесіміз Кәрім Серкебаев болгар Рамиль Алиевпен, ал Махмут Сабырхан (49 келі) алжирлік Фарис Джабаллахпен қолғап түйістіреді.

 

 

 

Пікір жазыңыз