Жас боксшылар Василий Жировтың туған қаласында бас қосты

Балқаш қаласында жасөспірімдер арасында бокстан халықаралық жарыс жалауын көтерді. Биылғы турнир өмірден ерте озған балқаштық былғары қолғап шеберлерінің құрметіне өткізіліп отыр, деп хабарлайды SportX.kz.

Осымен сегізінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан турнир, биылғы жылы Балқаш мыс және түсті металл өңдеу зауытының 80 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіпті. Қазақстанның түсті металлургия саласындағы ірі кәсіпорыны орналасқан қалаға, еліміздің жасөспірімдер құрамасы өзгелерден ертерек  келіп жайғасыпты. Өйткені халықаралық дәрежедегі спорт шебері Талғат Әліпбеков басқаратын еліміздің жасөспірімдер құрамасы жоспардағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын осында өткізіпті.

Балқаштағы жарыста Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолиядан ұзын-саны 200 тарта үміткерлер бақ сынасуда. Атлантадағы олимпиада төрінде егеменді еліміздің қоржынына бокстан алғашқы алтынды салып берген Василий Жировтың туған қаласындағы дәстүрлі турнирге тағы бір олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов жетекшілік етіп жатыр.

Әр жылдары осы жарыста өнер көрсеткен боксшылар арасынан оза шауып бәйге алған саңлақтар аз емес Солардың бірі әлем чемпионатының қола жүлдегері, Рио олимпиадасында ел намысын қорғаған Абылайхан Жүсіпов.

 

Пікір жазыңыз