Көпкүндік гранд-турдың 17-кезеңінде колумбиялық шабандоз Кинтана (Movistar) жеңіске жетті, деп хабарлайды SportX.kz.
Бары-жоғы 65 шақырымды құраған кезеңнің жарыс жолында шабандоздар үш бірдей асуды басып өтті. Соңғы асуда генералдық тізімде жоғары жайғасқан таулы жолдың серкелері араларынан сытылып шыққан Кинтанадан көз жазып қала берді. Тәуекелге бел буған Кинтана сол кеткеннен мол кетіп, мәре сызығын бірінші қиды. «Астана» сапындағы эстон жігіті Танел Кангерт 17-кезеңнің ең белсенді шабандозы атанды. 57 шақырым бойы көштің алдын бермеген Кангерт соңғы асуда болдырып, нәтижесінде үздік ондықтан да шет қалды. Жалпы есептегі жағдайға зер сала кетсек, едәуір өзгерістер бар. Кинтана бесінші орынға көтерілсе, Барде сегізінші, ал «Астананың» капитаны Фульсанг тоғызыншы орынға сырғыды. .
Велошоссе. «Тур де Франс». 17-кезең. Баньер-де-Люшон – Сен-Лари-Сулан, 65 км
1. Найро Кинтана (Колумбия, Movistar) – 2:21.27
2. Дэниэл Мартин (Ирландия, UAE-Team Emirates) – қалуы 0.28
3. Герейнт Томас (Ұлыбритания, Sky) – +0.47
Жалпы есеп
1. Герейнт Томас (Ұлыбритания, Sky) – 70:34.11
2. Том Дюмулен (Нидерланды, Sunweb) – +1.59
3. Кристофер Фрум (Ұлыбритания, Sky) – +2.31…
10. Якоб Фульсанг (Дания, Астана) — +9,31