Ертең «Астана- Арена» стадионында жаңа турнирдің тұсауы кесіледі. Ұлттар лигасы аясындағы алғашқы матчта Қазақстан мен Грузия құрамалары күш сынасатын болады, деп хабарлайды SportX.kz.
Ұлттық Лига – текке қаржы жұмсалатын жолдастық кездесулерді алмастыратын жаңа турнир. УЕФА жаңа турнирдің болашағына үлкен үмітпен қарайды. Олай дейтініміз деңгейі төмен ұлттық құрамалар үшін «Ұлттық Лига» таптырмайтын жоба болғалы тұр. Ашығын айтқанда жаңа жобада деңгейлері төмен және шамалас құрамалар күш сынасады. Бір сөзбен айтсақ олардың қарсыластары арасында Еуропаның азулы, керек десеңіз ортаңқол құрамалары да жоқ. Несін жасырамыз бағы ашылмай жүрген Қазақстан үшін мұндай турнир керек-ақ. Ең бастысы Лиганың жеңімпазы 2020-жылғы Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алады.
Болгариялық маман Станимир Стойлов баптайтын Қазақстан құрамасы өз тобындағы алғашқы ойынды Астанада өткізеді. Астанаға келе жатқан Грузия құрамасы осал қарсылас емес. Сарапшылар мен футбол мамандары Грузияны алдағы матчтың фавориті деп қарауда. Сондай-ақ 1- топта Қазақстан және Грузиямен бірге Латвия мен Андорра құрамалары өнер көрсетеді.
Ертеңгі матчқа түркиялық әділ-қазылар бригадасы төрешілік етеді. Бас төреші — Халил Мелер, көмекшілері — Мұстафа Эйсой және Жевдет Кемюрджюоглу.
Матч «Астана Арена» стадионында өтеді. Басталуы сағат 20:00-де.