Қазақстан теннисінің үздігі Зарина Дияс «Ролан Гарростың» екінші айналымында, жапониялық Наоми Осакадан ұтылып қалды, деп хабарлайды SportX.kz.
Екі сеттегі бәсеке 4:6, 5:7 есебімен күншығыс елінің өкілі Осаканың жеңісімен аяқталды. Былтырғы жылмен салыстыра кетсек, 2017-жылы Зарина «Ролан Гарростың» үшінші айналымына жетіп жығылған еді. 24-жасар Зарина Дияс WTA рейтинг кестесінде 51-орында десек, жерлесімізді жарыстан тыс қалдырған Наоми Осака бұл тізімде 20-сатыда.Бұған дейін теннисшілер ойын алаңында өзара күш байқаспаған.
Францияның ашық чемпионатында өнер көрсетіп жатқан екінші теннисшіміз Юлия Путинцеваның аяқ алысы жаман емес. Юлия екінші айналымда америкалық қарсыласы Дженифер Брэйдиге дес бермеді. Екі сеттегі ойын нәтижесі -6:4, 6:3.
Әлемнің 98-ракеткасы Юлия Путинцева ашық чемпионаттың келесі кезеңінде, хорватиялық Петра Мартичтен айласын асырған қытайлық теннисші Цян Ванмен кездеседі.