WSB: Савон алғашқы матчқа нүкте қойды (ВИДЕО)

Бүкіләлемдік бокс сериясының чемпиондық атағы жолындағы «Астана арландары» мен «Куба домадорес» командалары арасындағы алғашқы финалдық кездесу біздің пайдамызға шешілмеді, деп хабарлайды SportX.kz

Қазақстан мен Куба елінің былғары қолғап шеберлері арасындағы финалдық матч Қытайда өтіп жатыр. Сямынь қаласында өткен алғашқы кездесуде бес боксшылар жұбы ел алдында өнер көрсетті. Бірден айтайық, астаналық боксшылардың бірінші бәсекедегі аяқ-алыстары көңілімізден шыға қойған жоқ. Өрине, үйде отырып сын айту оңай. Дегенмен ойымызды бөліскенді жөн көрдік.

«Астана арландарының» бас жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековті білікті маман ретінде танимыз. Бахтияр Артаевтай олимпионикті дайындаған Нұрлан бауырымыз, WSB жобасы аясында бақ сынап жүрген астаналық клубтың тізгінін ұстағалы бері, қаншама жетістіктерге жеттік. Мұны бокс сүйер қауым жақсы біледі. Жалпы Бүкіләлемдік бокс сериясында «Астана арландарының» орны ерекше. Өйткені WSB құрылған жылдан бастап біздің команда тек алдыңғы лектен көрініп келеді. Жаңа жобаға кешігіп барып қосылған «Куба батырлары» да мықты. Соңғы жылдары негізінен осы екі команда өзара .үзеңгі қағысып жүр. Былтырғы финалда әупірімдей жүріп «Астана арландары» жеңісті жұлып кеткен еді. Негізгі он кездесудің нәтижесі 5:5 есебімен аяқталып, жеңімпазды анықтау үшін ережеге сәйкес қосымша тағы бір боксшылар жұбы рингке көтерілген. Абырай болғанда Астанадағы ақтық бәсеке 6:5 есебімен біздің пайдамызға шешілген.

Астанадағы сәтсіздіктен кейін Куба финалдық матчты өз елінде немесе қазақ жерінде өткізуге мүлдем қарсы болған. Өзінің жерінде әркімнің бүйрегі өзіне бұрып тұратыны рас, сондықтан бұл мәселе бойынша кубалықтармен келіспеске амал жоқ.

Жалпы кубалықтардың дене бітімдері бокс үшін жаралғандай. Қолдары ұзын және өте иілгіш. Оларды ұту үшін үнемі қыспақта ұстап, еркін қимылдауларына мүмкіндік бермеу қажет. Күні кеше дәл осындай тактиканы орынды пайдалана алған орыс боксшылары Кубаны жеңіп кетті. Қытайға барар жолда біздің бүгінгі қарсыластарымыз  Мәскеуге ат басын бұрып, Ресей құрамасымен екі жолдастық матч өткізген болатын. Тізгінді бір сәтке босатпаған ресейлік боксшылар екі кездесу де жеңіске жетті.

Қош, сонымен  биылғы финалды қабылдау құрметіне Қытайдың екі қаласы ниет білдіріпті. Ендеше, Сямынь қаласында өткен алғашқы финалға тоқталып кетелік.

Рингке бірінші болып 49 келідегі боксшылар Теміртас Жүсіпов пен Дамиан Арсе Дуарте көтерілді. Отызды еңсерген Теміртастың тәжірибесі мол және ашық ұрыстан да қашпайтын шебер. Билей жүріп ұрыс салған Теміртас, төбелес іздеген қарсыласынан үнемі сытылып кетіп жүрді. Екі боксшының өнеріне баға берген әділ-қазылар жеңісті біздің жігітке ұстатты. Есеп -1:0

56 келідегі мықтымыз Ілияс Сүлейменовті бүгін танымай қалдық. Ол өзіне жақсы таныс Освиэл Давид Кабалльеро Гарсиямен кездескен. Ә дегеннен тізгінді қолға алған кубалық боксшыға Ілияс жарытып жауап қайтара алмады. Оның бойынан жеңіске деген жігерлік те байқалмады.Әйтпесе, Ілияс бүгінгі матчта сенім артқан боксшымыздың бірі еді. Жинақы ойыны былай тұрсын, жөндеп бір соққы жасай алмаған Сүлейменов сенімнің үдесінен шыға алмады.Есеп-1:1

Ділмұрат Мижитов (64 келі) қарсыласы Энди Крузға жол берді. Ділмұрат бес раунд бойы белсенділік танытқандай әсер қалдырған. Бірақ бауырымыз бокс өнері соққы жасаумен қызықты екенін ұмытып кеткен сияқты. Үнемі алға ұмтылумен болған Ділмұратқа сәт сайын Круздың жұдырығы қадалып жатты. Осылайша екінші боксшымыз сәтсіздікке ұшырады. Есеп -1:2

Әбілхан Аманқұлдың жайы бөлек. 75 келідегі үздік боксшымыз Иглесиас Эстрадамен жұдырық түйістірді. Бірінші нөмірде ойнаған яғни тізгінді ә дегеннен қолға алған жерлесіміз реті келсе қарсыласын ауыр соққылардың астына алуды көздеген. Қазақстандық боксшының ойын жақсы түсінген Эстрада мүмкін болса қаша жүріп ұрыс салуға көшті. Дегенмен Әбілханның ауыр соққылары ескерусіз қалған жоқ. Төрешілер бұл жекпе-жекте Аманқұлды жақтады. Есеп — 2:2.

Сонымен таразы басы теңеліп, бүгінгі матчтың тағыдыры соңғы жұптың үлесінде қалды. Куба құрамасының 91 келідегі  лидері Эрисланди Савонға, Нұрбол Алтаев қарсы шыққан. Шеберлік деңгейлері жер мен көктей боксшылардың бәсекесі, көпшілік күткендей Савонның жеңісімен аяқталды. Есеп-2:3.

Ертең екі команда қайта кездеседі. Сондықтан қызықтың бәрі алда дей беріңіз.

Бас демеуші- «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»

 

 

Пікір жазыңыз