Алматылық «Қайрат»пен Қостанайдың «Тобылы» Еуропалық Лиганың алғашқы іріктеу раунды аясындағы қарымта бәсекелерін өткізді. «Қайрат» Алматыда 7;1 есебімен андорралық «Энгорданиді» ойсыратса, «Тобыл» өз жанкүйерлері алдында Грузиядан келген «Самтредианың» қақпасына жауапсыз қос доп соқты, деп хабарлайды SportX.kz.
Өз алаңында өткен алғашқы ойында алматылықтар Андорра футболшыларын 3:0 есебімен тізе бүктірген. Осы бетінен қайтпаған жерлестеріміз қарымта матчта қарсыластарын одан бетер тас талқан қылды. «Қайрат» сапындағы венгриялық легионер Мартон Эппель төрт рет көзге түссе, қалған голдарды украйналық шабуылшы Адеринсола Эсеола, команда капитаны Бауыржан Исламхан және қорғаушы Ян Вороговский соқты.
Алматылықтар екінші іріктеу раундында голландиялық AZ клубымен кездеседі. Алғашқы ойын 26-шілде күні Алматыда өтеді.
«Қайрат» (Казақстан) – «Энгордани» (Андорра) – 7:1
Голдар: Эппель 4 (1:0), Эппель 11 (2:0), Эсеола 42 (3:0), Эппель 44 (4:0), Исламхан 53 (5:0), Лафон 72 (5:1), Эппель 75 (6:1), Вороговский 87.
Араға жеті салып Еурокубокке қайта оралған «Тобыл» алғашқы іріктеу раундында грузиялық «Самтредиа» клубымен күш сынасты. Бірінші болып қонаққа барған жерлестеріміз алаң иелеріне дес бермей, Максим Федин соққан жалғыз доп ойын тағдырын шешіп кеткенді. «Тобыл» өз алаңында да мықты шықты. Бұл жолы 2:0 есебімен жеңіске жеткен алаң иелері сапында Бауыржан Тұрысбек пен Аслан Дарабаев мергендік танытты.
«Тобыл» (Қазақстан) – «Самтредиа» (Грузия) – 2:0
Голдар: Тұрысбек 12, Дарабаев 83.
Екінші іріктеу кезеңінде «Тобыл» армениялық «Пюникті» сынаққа алады. Екі клуб арасындағы алғашқы матч 26-шілде күні Қостанайда өтеді.