Осы жақында аяқталған әлем чемпионатында айды аспанға шығарған Хорватия, Испаниядан оңбай ұтылды. Ұлттар лигасы аясындағы матчта 6:0 есебімен пиренейлік футболшылар жеңіске жетті, деп хабарлайды SportX.kz.
Бақ шаба ма, бап шаба ма деген осы шығар мүмкін. Хорват футболшылары әлем чемпионатында тамаша өнер көрсетіп, тұңғыш рет күміс жүлдеге ие болыпиеді. Ал, төртжылдықтың басты додасына фавориттердің бірі болып барған Испания, жарты жолда жығылды. Сөйтіп Фернандо Йерро бастаған Испания құрамасы футбол тойына жердің үстімен барып, астымен қайтты.
Жақсылап сабақ алған Испания үшін алдағы әрбір сынақ үлкен жаупакершілкті талап ететіні анық. Екінші рет жаңсық басса, испаниялық жанкүйерлер оларды енді қайтып кешірмейді. Әлем чемпионатынан кейін құрама тізгінін ұстаған Луис Энрике бас команда бойына қан жүгірткендей. Энрикенің шәкірттері Ұлттар лигасындағы алғашқы ойында Англиядан басым түсті. Лондондағы матчтың нәтижесі — 1:2. Екінші турда оларға әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хорватия қарсы тұрды. Ойын деген аты демесеңіз, жасыл алаңдағы тартыс бір бағытта өрбіп, алаң иелері қарсы қақпаға жауапсыз алты гол тоғытты. Бүгінгі матчта Испания құрамасы сапынан Марко Асенсионы ерекше атап кетуге болады. Ол хорваттардың қақпасынан табылған алты голдың бесеуіне өз септігін тигізді. Оның екеуін өзі соқты.
Балқандықтар бұған дейін дәл осындай есеппен жеңілмеген екен. 2009-жылы 1:5 есебімен Англияға жол берсе, сонау 1941 жылы дәл осындай есеппен Германиядан ұтылыпты.