21-шілде күні Мәскеудегі «Олимпиский» спорт кешенінде ресейлік Мурат Гассиев (26-0, 19 КО) пен украйналық Александр Усик (14-0, 11 КО) арасында Бүкіләлемдік бокс суперсериясының (WBSS) финалдық бәсекесі өтеді, деп хабарлайды SportX.kz.
Алдағы матчта боксшылар Muhammad Ali Trophy кубогы және The Ring журналының версиясы бойынша абсолюттік чемпион деген атақты сарапқа салады.Титулдық жекпе-жек алдында боксшылардың көрермен алдына шығып, ашық жаттығу өткізетін дәстүрі бар.
Гассиев пен Усик ашық жаттығуды «Океания» ойын-сауық орталығында орнатылған шаршы алаңда өткізетін болған. Рингке бірінші болып көтерілген украйналық жаттығу жасайтындай түр таныта қоймады. Айтқандай-ақ көп кідірмеген Усик жиналған жұртқа күлкі сыйлаған бойы қол бұлғап кете барды. Соңынан белгілі болғаны Усиктің бұл қылығы «қызықтың көкесін сенбі күні көресіздер» дегені екен.
Регламентті бұзбаған Мұрат Гассиев тәртіпті боксшы ретінде, ел алдына шығып өз міндетін толық атқарып шықты.