Лондонда «Үлкен Дулыға» аясындағы жылдың екінші турнирі жалауын көтерді. Қазақстаннан әйгілі жарыста үш теннисшіміз өнер көрсетеді, деп хабарлайды SportX.
Ұлыбританияның ашық чемпионаты саналатын Уимблдонның бірінші айналымында Зарина Диясқа (53) аустралиялық Дарья Гаврилова (25) қарсы тұрады. Осы матчта жеңіске жеткен теннисші келесі айналымда аустралиялық Саманта Стосур (86) мен қытайлық Пэн Шуай (38) арасындағы бәсекенің жеңімпазымен күш сынасатын болады.Күні кеше еліміздің бірінші ракеткасы атанып үлгерген Юлия Путинцева (55) поляк қызы Магда Линеттпен (55) кездеседі. Егер жерлесіміз алғашқы ойынды өз пайдасына шешсе, екінші турда ресейлік Дарья Касаткина немесе хорватиялық Яна Фенаның біріне жолығады.
Ерлер додасына үкілеп қосқан жалғыз теннисшіміз Михайл Кукушкин (90), Лондондағы алғашқы матчын ATP кестесінде өзімен көршілес жайғасқан канадалық Вашек Поспишилмен (93) өткізеді. Жерлесіміз алда-жалда жеңіске жетіп жатса, келесі бәсекеде Рафаэль Надальмен кездесіп қалуы әбден мүмкін. Уимблдондағы алғашқы ойынын израйльдік Дуда Селаға (129) қарсы өткізетін әлемнің бірінші ракеткасы, рейтинг кестеде өзінен әлдеқайда төмен орналасқан қарсыласына жол бере қоюы екіталай.