УЕФА: Ұлттық Лиганың жүлде қоры өсті

Еуропа футбол қауымдастықтары Одағы (УЕФА) басшылары Ұлттық лиганың жүлде қорын өсіру жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды SportX.kz.

Бұдан шықты жаңа турнирде өнер көрсетіп жатқан 55 елдің ұлттық құрамалары қаржыға кенеледі дей беріңіз. Әрине, бәрі бірдей ақшаның астында қалады деген сөз емес. Яғни көрсеткіштеріне қарай әр команда өзіне тиесілі соманы алады.

Турнир жеңімпазына жаңадан қабылданған шешім бойынша 10,5 миллион еуро тиесілі.

Өзге құрамалар да жүлдесіз қалмайды. А лигасында бақ сынайтындар -2,25 млн еуро, В лигасы -1,5млн,С лигасы- 1,125 млн, ал біздің ұлттық құрама кіретін Д лигасына тиесілі сома 750 еуроны құрайды. Бұдан басқа өз лигасында жеңіске жеткен командаларға қосымша бонус қарастырылған.

Сондай-ақ ақтық кезеңнің нәтижесі бойынша алғашқы төрттікке енген ұлттық құрамалар тағы да қосымша бонуспен марапатталады.Төртінші орынға- 2,5 млн, үшінші- 3,5 млн, 2- орын үшін 4,5 млн, ал жеңімпаз атанған командаға алты миллион еуро  беріледі.

Д лигасында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасының аяқ-алысы әзірге көңілден шықпай тұр. Алдымен өз алаңында 0:2 есебімен Грузиядан ұтылған Станимир Стойловтың шәкірттері, сырт алаңда  өткен келесі бәсекеде Андоррамен (1:1) тең ойнады. Осыған қарағанда бізге  қомақты қаржының бұйыруы екіталай сияқты. Алдағы сенбі күні бас командамыз Ригада Латвия құрамасымен күш сынасады.

Пікір жазыңыз