Төрт боксшымыз жартылай финалда

Санкт-Петербургте бокстан халықаралық дәстүрлі турнир өтуде. Нева жағалауына жолы түскен жерлестеріміздің  арасынан төртеуі жартылай финалдан орын тепті, деп хабарлайды SportX.kz.

49 келі тартатын шымкенттік былғары қолғап шебері Жомарт Ержан жартылай сында 2015 жылғы Еуропалық ойындардың жеңімпазы бурятиялық Батор Сагалуевпен (Ресей) қолғап түйістіреді.Азат Махметовке (52келі) әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері  өзбек Жасур Латипов,шығыс қазақстандық Әділет Құрметовке (60 келі)  өзбектің тағы бір  мықтысы, жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген Шункор Абдурасулов қарсы тұрады. Ауыр салмақта өнер көрсететін астаналық боксшы Абзал Құттыбеков (91келі) армениялық Нарек Манасянды сынаққа алады. Нарек те осал боксшы емес. Еревандық майталман  Еуропаның 2015 жылғы жасөспірімдер арасындағы чемпионы.

Петерборға жолы түскен қалған боксшыларымыз  Нұрбол Қалжанов (56 келі), Санатәлі Төлтаев(64 келі), Канағат Маралов (69 келі), Ерік Әлжанов (75 келі), Михаил Коханчик (81 келі) және Нұрболат Сермаханов (+ 91 келі) алысқа көсіліп шаба  алмады.

 

 

 

Пікір жазыңыз