Аса ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы британиялық Тайсон Фьюри (27-0, 19 КО) мен WBC белбеуінің иегері америкалық Деонтей Уайлдер (40-0, 39 КО) жекпе-жек алдындағы алғашқы баспасөз мәслихатында жаға жыртыса жаздады, деп хабарлайды SportX.kz.
Жоқ жерден бәле ізідеген Фьюри, баспасөз мәслихаты бастала сала намысқа тиетін сөздермен Уайлдерді қағыта бастады. Қыза-қыза келе америкалық боксшыны дәл сахна төрінде спаррингке түсуге шақырды.
«Кез-келгенді ұрып-жығып жүрген соққың жайлы айтып берші! 40 кездесуде 39 нокаут! Соны маған да көрсетші, келе ғой бокстасып көрейік. Жұрт мақтаған алабамалық күшіңді көрсет», — деп даурықты Фьюри.
Уайлдердің Фьюриді кеудесінен итергені болмаса, қарсыластар сөзден іске көшпеді. Дегенмен Лондондағы спорттық -щоу, ұйымдастырушылардың көңілінен шықса керек. Оның үстіне бұл жекпе-жек алдындағы соңғы кездесу емес. Алдағы баспасөз мәслихаттары бұдан да қызықты өтетіні сөзсіз. Егер тапсырыс болып, ақшасы төленіп жатса, төбелестің де шеті шығып қалар, кім білсін.