Қазақ футбол жанкүйерлеріне тақым қысатын сәт келді. Олай дейтініміз бүгін елорда төрінде «K» тобының лидерлері «Астана» мен Киевтің «Динамосы» кездеседі, деп хабарлайды SportX.kz.
Екі команда үшін бүгінгі ойын нағыз «жан берісіп, жан алысатын» бәсеке болғалы тұр. Артта қалған төрт кездесуден сегіз ұпайдан еншілеген қарсыластар бүгін өзара мықтыны анықтайды. Жеңгені өз тобының үздігі атанып қоймай, плей-офф кезеңіне жолдама алмақ.
Киевте өткен тартысқа толы матчта бүгінгі қарсыластар 2:2 есебімен тең ойнаған болатын. Астанаға бір күн бұрын ұшып келген украйналық футболшылардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Толқып немесе абыржып жүрген олар жоқ. Өз күштеріне, дайындықтарына нық сенімді сияқты.
Президенттік спорт клубының командасы үшін өз жанкүйерлері алдында шындап сыналатын сәт келген сыңайлы. «Динамо» сияқты тарихы бай һәм өзіндік ойын өрнегімен танылған клубтан ұпай тартып алу кез-келген ұжымның қолынан келе бермейді. Әйтседе қазақ жанкүйерлері астаналық футболшылардың жолына үлкен үмітпен қарайды.
Бас демеуші — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»