Эстония астанасы Таллинде «Реалды» 2:4 есебімен ұтқан «Атлетико» УЕФА суперкубогының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды SportX.kz.
Ә дегеннен алға ұмытылған «Атлетико» кездесудің бірінші минутында Диего Костаның күшімен есеп ашып алға шықты. Бірінші тайм белортасынан ауған тұста король клубының шабуылшысы Карим Бензема тепкен доп қарсы қақпадан табылды. Бүгінгі ойындағы Голдар легі мұнымен шектелмеді. Кездесудің 63- минутында ойын тәртібі бұзылғанын анықтаған төреші «Атлетиконың» қақпасына он бір метрлік айып добын белгіледі. «Реалдың» өте тәжірибелі һәм сенімді қорғаушысы Серхио Рамос пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Біарқ олардың қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылды. Реті келгенде оңтайлы сәтті епті пайдаланған тағы да сол Диего Коста таблодағы нәтижені 2:2 жеткізді. Овертаймды ширақ бастаған «Атлетиконың» тегеурініне төтеп бара алмаған король клубы уақыт өте екі рет сан соғып қалды. Алдымен Сауль Ньигес, одан соң Коке соққан голдар «Атлеткиоға» жеңіспен бірге УЕФА суперкубогын сыйлады.
Сөйтіп, осы жаз Роналдудай сұрмергеннен және Зидан сияқты білікті маманмен қош айтысқан «Реал» мадридтік дербиде сәтсіздікке ұшырады.