Тағы да нокаутпен ұтты

Мұхит асқан боксшыларымыздың бірі Батыр Жүкембаев (14-0, 12 КО) рингтегі кезекті жекпе-жегін өткізуге дайын. Жеңіліп көрмеген қазақтың батыры 24- қарашада Римуски қаласында (Канада) өтетін бокс кешінде шаршы алаңға көтеріледі, деп хабарлдайды SportX.

Жамбыл облысы Шу қаласының тумасы екі-үш жылдан бері бүкіл Канаданы шулатып жүр. Шу өңірінің түлегі қарсы келгендерді жапырып, қазақ боксының мәртебесін асқақтатып жүрген жайы бар. Оның аяқ-алысына көз тігіп, әрбір жекпе-жегін бүге-шігесіне дейін талдап жүргендер аз емес. Батыр сияқты қарсыластарын нокаутпен ұтатын боксшылардың жөні бөлек қой. Ел ішінде ондай шеберлердің өнеріне деген қызығушылық қашанда жоғары.

Өзгелерді құлатып үйренген Батыр, соңғы жекпе-жегінде өзі де бір құлап тұрды. Бұл жолы жерлесіміз мексикалық Патрисио Мореномен (20-3, 14 КО) күш сынасқан. Қапелімде қазақты құлатып алған мексикалықтың бұл қылығы соңынан  өзіне сор болып жабысты. Бірінші раундта-ақ нокдаунға түсіп қалған Жүкембаев, асып-сасқан жоқ. Әліптің артын баққан «нокаутер қазақ» екінші раундта қарсыласын канвасқа жатқызды. Дегенмен шиеленісті өтіп жатқан бәсекенің шырқау шегі жетінші раундтың соңғы секундтарында орын алды. Қарсыласы алға  ұмтылған сәтте сол қолымен бүйірден іреп соққан  Батырдың жойқын соққысынан кейін мексикалық боксшы канвасқа жата кетті. Нокаут!

Батыр Жүкембаевтың 24- қазан күні кіммен жұдырықтасатыны әзірге белгісіз.

 

 

Пікір жазыңыз