Таеквондошыларымыз қос медаль олжалап қайтты

Біріккен Араб Әмірліктері елінде таеквондодан Гран-при жарыстарының финалдық бәсекелері мен  Әлем кубогы жолындағы командалық жарыс мәресіне жетті, деп хабарлайды SportX.kz.

Сериялық жарыстардың басын құрайтын Гран-придің қорытынды додасында еліміздің атынан 87 келі салмақтағы дүлдүліміз Смайыл Дүйсебай бақ сынаған. Алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізген жерлесіміз жартылай сында кореялық Кю До Иннен жеңіліп қалды.Одан әрі Дүйсебай жүлделі үшінші орын үшін  Иранның мықтысымен кездескен. Бірақ жерлесіміздің жолы болмады.

Осы турнирде жеңімпаз атанған таеквондо шеберлері өз еншілеріне 80 ұпайдан жазғанын айта кетейік.

Гран-при додасы аяқталысымен Әлем кубогы жолындағы командалық жарыс басталып кетті. Бұл сыннан біздің спортшылар медальсыз қалған жоқ. Ерлер командалары арасындағы бәсекеде Қазақстан құрамасы жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Ерасыл Қайырбек, Нұрлан Мырзабаев, Елдос Ысқақ, Руслан Жапаров және Рахым Әділханов сынды таеквондошылардан жасақталған бас командамыз жартылай финалда Иранға есе жіберді. Аралас (микс) бәсекеден өткен командалық бәсекеде ел намысын қорғаған —Қазыбек Бахтиярұлы, Смайыл Дүйсебай, Фариза Алдоңғарова, Жансель Дениз  төрттігі ел қоржынына екінші қола медальды салып берді. 

.

Пікір жазыңыз