Шуменовтен ұтылған түрік боксшысы Лебедевпен кездеседі

7- қыркүйек күні Челябі (Ресей) қаласында 38-жастағы ресейлік боксшы Денис Лебедев пен түрік Хизни Алтункая қолғап түйістіреді, деп хабарлайды SportX.kz.

Осыдан бір ай бұрын Астана шаршы алаңында өнер көрсетіп қайтқан Хизни Алтункаяның гастрольдік сапары Ресейде жалғаспақ. Бас қаламызда өткен бокс кешінде әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шүменов пен Хизни Алтункая WBA тұжырымының вакантты чемпиондық белбеуін сарапқа салған болатын. Он екі раундқа жоспарланған бәсеке барысында екі рет нокдаун алған түрік жігіті, тоғызыншы раундта бәсекені тоқтатуға мәжбүр болған. Сөйтіп, екі жылға созылған үзілістен соң шаршы алаңға қайта көтерілген Бейбіт Шүменов WBA тұжырымының вакантты чемпиондық белбеуінің иегері атанғанды.

WBA және IBF тұжырымдары бойынша әлемнің экс-чемпионы Денис Лебедев (30-2-0, 22 KO) пен Хизни Алтункая (30-2-0,17 КО) арасындағы кездесуге, ресейлік RCC Boxing Promotions компаниясы мұрындық болып отыр. Алтункая бірінші ауыр салмақ категориясы бойынша әзірге WBA рейтинг кестесінде  тоғызыншы орында.

 

Пікір жазыңыз