Шаршы алаңда дауыл тұрғызған………..

Елордада үлкен бокс кеші өтті. «Барыс Арена» кешеніндегі спорттық мерекенің орталық матчында жерлесіміз Бейбіт Шүменов пен  түрік Хизни Алтункая кездесіп, титулдық жекпе-жек шымкенттік боксшының айқын жеңісімен ақталды, деп хабарлайды SportX.kz.

Жалпы Шүменов пен Алтункая осы кеш WBA вакантты чемпиондық белбеуін сарапқа салды. Титулдық жекпе-жек аясындағы кештің  андеркартасында, қазақ боксшыларының қатысуымен бірнеше кездесулер өтті. Басқа спортты қайдам, ал боксқа келгенде алдарына жан салмайтын қазақ оғландары тағы да ерледі. Шыны керек бүгінгі бәсекеклерде біздің жерлестерімізге төтеп бере алатын боксшы көрмедік. Қазақ жігіттерінің мықтылығы соншалық, олар қарсыластарын бірінен соң бірін мұрттай ұшырып, кешен толы көрермендердің ықыласына бөленді. Боксшыларымыз былай тұрсын әншілерімізге шейін жұдырықтасудың  шебері екен-ау  деп қалдық. Сахна дүлдүлі Ибрагим Ескендір ресейлік қарсыласын алғашқы минутта-ақ нокаутқа жіберіп, дүйім жұрттың делебесін қоздырғанда нағыз боксшыларымыз қарап қалсын ба! Өз ісінің шеберлері көрермендер назарына небір  нокдаундар мен нокауттардан тұратын раундтарды ұсынды.

Еділ Қожамбердиев, одан кейін бокс қолғабын қайта киген Миржан Рахымжанов, Уәлихан Бисенқұлов, Айдын Елжанов, Диас Тастеміров, Бабыржан Момынов, Арман Рысбек, Али Балоев және Айдос Ербосынұлы сияқты қазақтың сайыпқыран жігіттері шаршы алаңда дауыл тұрғызып, бокс кешіне ерекше сән берді.

Ал қалың ел асыға күткен орталық жекпе-жекке келсек, екі салмақ категориясы бойынша әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шүменов те намысты қолдан бермеді. Екі жылға созылған үзілістен кейін шаршы алаңға қайта көтерілген Бейбіт түрік жігітін шыдатпады. Он екі раундқа жоспарланған бәсеке барысында екі рет нокдаунға түскен Алтункая,тоғызыншы раундтан кейін жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Сөйтіп, жерлесіміз Бейбіт Шүменов  WBA тұжырымының вакантты чемпиондық белбеуінің иегері атанды.

Пікір жазыңыз