Роналду ойыннан қуылды

Мадридте жергілікті «Реал» 3:0 есебімен «Романы» тізе бүктірсе, «Ювентус» сырт алаңда «Валенсиядан» басым түсті, деп хабарлайды SportX.kz.

Кешеден бері футбол сүйер қауым чемпиондар лигасының матчтарын қызықтауда. Соңғы үш жыл бойы бас бәйгені ешкімге бермей жүрген Мадридтің «Реалы» топтық кезең аясындағы алғашқы ойында,италиялық «Романы» оңдырмады. Алаңда жеңіл қимылдаған жергілікті футболшылар «Романы» оп-оңай жеңгендей әсер қалдырды. Алдымен Иско есеп ашса, Гарет Бэйл мен Мариано Диас тағы екі гол соғып, король клубы ірі нәтижемен жеңіске жетті. Егер алаң иелері бүгінгі матчта орын алған оңтайлы сәттерді түгел голға асыра алғанда, таблодағы есеп бұдан да нәтижелі болар еді.

Бәрінен де осы жаз «Ювентустің» қосына ауысқан «Реалдың» экс футболшысы Роналдуға обал болды. Оның командасы осы күні Испанияда «Валенсиямен» кездескен. Бір сыдырғы өтіп жатқан кездесудің 29- минутында Роналду ойыннан қуылып кете барды. Бұл эпизодта Мурильоға қарсы ойын тәртібін бұзғанын анықтаған бас төреші Феликс Брых, Роналдуға қызыл карточка көрсетті. Мурильо да жазасыз қалған жоқ. «Валенсияның» футболшысы сары карточка алды. Дегенмен матчтың бар қызығы алда екен. Роналдуды ойыннан қуып шыққан Феликс Брых, матч соңына дейін үш рет пенальти белгіледі. Алаң иелері ойын тәртібін екі рет бұзса, тағы бір пенальти қонақтардың қақпасына тебілді. Тосынсыйға қарқ болған «Ювентус» екі мүмкіндікті голға асырып, сырт алаңда ауадай қажет үш ұпайға қол жеткізді. Ал, Даниэль Парехо тепкен допты «Ювентустің» голкипері қақпаға дарытқан жоқ. Роналдуға обал болды дегеніміз, егер ол ойыннан қуылмаса, пенальтиді соған тепкізер ме еді. Португалиялық футболшының пенальти тебудің нағыз шебері екенін жақсы білеміз. Осылайша Роналду екі рет гол соғып көзге түсетін  мүмкіндіктен шет қалды.

Пікір жазыңыз