«Ролан Гаррос-2018»: Юлия жүлдеден дәмелі

Франциядағы «Үлкен Дулығаға» үкілеп қосқан теннисшіміз Юлия Путинцева әзірге өз жанкүйерлерін қуантып келеді. «Ролан Гарростың» төртінші айналымында қазақстандық теннисші чехиялық Барбора Стрыцоваға дес бермеді, деп хабарлайды SportX.kz.  

Барбора Стрыцова теннис әлеміндегі өз ойын өрнегімен танылған үздік ойыншылардың бірінен саналады.Әлемдік рейтинг кестеде 26 орынға жайғасқан чехиялық шебер,Путинцевамен өткен бәсекеде жеңісті оңай бере қойған жоқ. Дегенмен 1сағат 30 минут бойы өзара салғыласқан теннисшілер арасындағы сайыс 6:4 және 6:3 есебімен жерлесіміздің пайдасына шешілді.

Алдағы ширек финалда Юлия Путинцева америкалық теннисші Мэдисон Киспен  кездеседі. Өз кезегінде америкалық спортшы 1/8 финалда румыниялық құрбысы Михаэла Бузарнескуді ұтты.

Өздеріңіз білетіндей «Үлкен Дулыға» аясындағы турнирлердің жүлде қоры өте қомақты болып келеді. Мысалы, Франция ашық чемпионатының ширек финалына жеткен үміткерлердің сыйақысы 380 000 еуроны құрайды екен. Біздің ақшаға шаққанда Путинцеваның есеп-шоты 147 млн теңгеге арта түспек.

 

 

 

Пікір жазыңыз