Нью-Делиде (Үндістан) әйелдер арасында бокстан әлем чемпионаты жалауын көтерді. Қазақстан құрамасы сапындағы тәжірибелі боксшымыз Жайна Шекербекова алғашқы сыннан сүрінбей өтті, деп хабарлайды SportX.kz.
51 келіде өнер көрсететін Жайна Шекербекова алғашқы айналымда өзінен бойы әлдеқайда биік ресейлік Светлана Солуянованы жайратып салды. Шаршы алаңдағы тартысқа баға берген төрешілер бұл жекпе-жекте рингке жайнап шыққан Жайна атты қазақ қызының жеңісіне шек келтірмеді.
Жайнаның жеңісті жолын 57 келі салмақтағы өкіліміз Назым Ищанова жалғастырды.Бангладештік боксшы Онит Ислам, біздің Назымға қарсы жарытып өнер көрсете алмады. Екінші раундта Назымның кезекті шабуылы сәтті шығып, төреші есеп ашты. Чемпионаттағы алғашқы қарсыласын айқын ұтқан Ищанова, ертең черногориялық Тамара Радуновичпен кездеседі.
Нью-Делиде Қазақстан құрамасы сапында — Айгерим Қасенаева (48 келі), Жайна Шекербекова (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Назым Ищанова (57 келі), Карина Ибрагимова (60 келі), Милана Сафронова (64 келі), Ақерке Бахытжан (69 келі), Айда Оңдаш (75 келі), Фариза Шолтай (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+ 81 келі) сынды боксшылар өнер көрсетуде.
16-қарашаның кестесі
Күндізгі сессия, Астана уақыты бойынша 13:30 басталады
Дина Жоламан (54 келі) — Хирута Мизуки (Жапония);
Ақерке Бахытжан (69 келі) — Эрденетуя Энхбаатар (Моңғолия).
Кешкі сессия, Астана уақыты бойынша 18:30 басталады
Айгерим Қасенаева (48 келі) — Джазилл Бобадилья (АҚШ);
Карина Ибрагимова (60 келі) — Иман Хелиф (Алжир).
62 мемлекеттен 270 үміткер жиналған Нью-Делидегі әлем біріншілігі 24-қарашаға дейін жалғасады.