Рингте Сыбаев пен Аманқұл кездеседі

Ақтауда жалауын көтерген ел чемпионатының алғашқы жарыс күні 23 кездесу өткізілді. Былайша айтқанда боксшылардың алды жарыспен ерте қоштасса, жолы болғандар енді келесі жекпе-жектеріне дайындалады. Әуесқой боксқа қайта оралған сыр өңірінің саңлағы Рустам Сыбаев (75 келі) алғашқы сыннан сүрінген жоқ. Енді 28-жасар боксшы чемпионаттың екінші айналымында Қазақстан құрамасының белді боксшысы тараздық Әбілхан Аманқұлмен жұдырықтасатын болады, деп хабарлайды SportX.kz.

Рустамның әуесқой бокстағы жиған тергені аз емес. 2009 -жылы Қазақстан құрамасы сапында әлем чемпионатына (Милан) қатысқан Сыбаев, ширек сында мүлт кеткенді. 2010 -жылы Улан-Баторда өткен Студенттер арасындағы әлем чемпионатында екінші орынға табан тіреді. Отандық  «Astana Arlans» клубының намысын жыртқаны кезі де болды.

Одан әрі кәсіпқой боксқа ден қойған Рустам Сыбаев көрші Ресей елінде екі жекпе-жек өткізді. Оның бірінде жеңіп, бірінде ұтылды. Чемпионат шымылдығы түрілген күні тәжірибелі шебер Еламан Әбдіәлиді сынаққа алып, төрешілер шешімімен (5:0) жеңіске жетті. Бір кездесуге қарап  боксшының жай-күйін дөп басып айту қиын. Рустам өте тәжірибелі және сезімтал спортшы. Кешегі жекпе-жекте Сыбаев бар мүмкіндігін көрсетті десек артық кеткен болар едік. Дегенмен әліптің артын бағайық. Өйткені Ақтаудға чемпионат сіз бен бізге тамаша бәсеке тарту еткен сыңайлы. Алғашқы сыннан қиналмай өткен Рустам екінші айналымда қазақ боксының бүгінгі лидерлерінің бірі, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлмен кездеседі. Міне, осы бәсекеде кімнің -кім екенін білетін боламыз.

Осы күні 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бес боксшылар жұбы өзара мықтыны анықтады. Соның бірінде 5:0 есебімен Қадырбек Садықбекті ұтқан тараздық Станислав Цой, келесі айналымда ұлттық құраманың тағы бір лидері қарағандылық Абылайхан Жүсіповке тап болып отыр.

Алғашқы күннің нәтижелері:

 49 келі:
Жәнібек Есқуатов — Мұхамеджан Әбдірәсілов — 5:0;

 52 келі:
Жасұлан Ержан — Нұрсұлтан Нурединов — 0:5
Олег Гарипов — Тимур Кабдешев — 0:5
Дамир Әбдіқадір — Арнұр Ашанбаев — 5:0
Рашид Салауатов — Баккожа Иннаятуллаев — 1:4;

 60 келі:
Алымжан Тұрсынов — Ержан Ордабаев — 0:5
Абай Тұрәлиев — Алмас Нұрғали — 0:5
Дәулет Нысан — Василий Самчук — 0:5
Мұхамедәли Сыдық — Бағдат Уадаев — 0:5
Бахтияр Смағұлов — Ал-Мухамед Махмут — 0:5
Заманбек Данабеков — Сабыржан Абылов — 2:3;

69 келі:
Айдархан Нүкенов — Мұхамедали Закария — 5:0
Қазбек Сапенов — Расул Жаңбырбай — 5:0
Алихан Жақыпов — Бекзат Сабыр — 0:5
Қайрат Сүгірәлі — Рай Сәтжан — 0:5
Станислав Цой — Қадырбек Садықбек — 5:0;

 75 келі:
Рустам Сбаев — Еламан Әбдәли — 5:0
Әсет Слямбеков – Бекен Пернехан — 1:4
Арман Нұрәсілов — Бауыржан Баугеншеков — 0:5
Аман Қазанғапов — Тимур Нұрсеитов — 4:1
Ақжол Әбдіхан — Владислав Приображенский — 5:0
Ерсұлтан Советов — Еркебұлан Әкімбай — 1:4
Нұрқанат Райс — Бақдәулет Болатбай — 5:0.

Ақтаудағы еліміздің кезекті чемпионаты 18- қарашаға дейін жалғасады.

Пікір жазыңыз