Ресейлік «Уфа» клубы сапында өнер көрсететін Қазақстан ұлттық құрама командасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахметтің жолына қарап жүрген жанкүйер өте көп. Талабы таудай жерлесіміз жаңа маусымды әзірге сырттай тамашалауда, деп хабарлайды SportX.kz.
«Уфа» жаңа маусым аясындағы кезекті ойынды бүгін өз алаңында «Локомотивке» қарсы өткізеді. Бірақ бүгінгі бәсеке Сейдахметсіз өтетін сыңайлы. Өйткені жерлесіміз матчқа қатысатын футболшылар тізіміне енбеген. Тараздан шыққан тарлан ақпан айында Башқұртсанның беткеұстар клубымен ұзақ мерзімді келісім шарт жасасқаны есімізде. Бірақ жаттығу кезінде алған жарақатына байланысты 18-жасар футболшы маусым соңына дейін доп тебуге жарамады. Әне-міне дегенше жаңа маусымда басталып кетті. Әйтседе «Қазақтың Мессиі» атанып кеткен Сейдахметке «Уфаның» негізгі сапынан орын тимей тұр. Мүмкін ескі жарақатынан әлі толық айықпаған болар.
Қазақ футболы көшін алға тартатын футболшылар керек-ақ. Бірақ ондай футболшылар салаңдап аспаннан түсе салмайтыны белгілі. Сөйте тұра, қазақ жастары арасынан Пеле, Марадона, Круифф, Зидан, Месси сынды футболшылар іздеп, арманға беріліп қиялдаймыз. Олар да көздерін аша салып футболшы болып кеткен жоқ. Ұлы футболшылар да үлкен мектептен өткен. Сонда тәрбиеленген.
Аннан -мыннан бір футболшы шыға қалса, тұла бойы тұнған талант, ойыны сондай керемет екен, деп мақтай жөнелеміз. Онымен қоймай бірден ұлы футболшыларға теңеп жатамыз. Бір-екі жыл өтпей, әлгі жұлдызымыз із-түссіз жоғалады. Еркебұлан мамандар назарына алғаш рет Гранаткин мемориалында түскен еді. Сол жолы Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (U-17) финалға шығып, Еркебұлан Сейдахмет турнирдің үздік шабуылшысы атанғанды. Содан он жеті жасар тараздық футболшы «Зениттің» қосына аттанып кете барды. Бірақ Нева жағалауында көп кідірген жоқ. ФИФА ережесіне сәйкес жасы кәмелетке толмаған футболшы кәсіпқой клубпен келісім шарт жасай алмайды. Сөйтіп «Зениттің» жастар құрамасымен оқу-жаттығу жиынын өткізген Еркебұлан, тек 2018 жылдың ақпан айында «Уфа» клубынан жылы орын тапты. Бірақ бұл орыннның «Қазақ Мессиі» үшін қаншалықты «жылы» болатыны әзірге белгісіз. Бір білетініміз, жылдар жылжып өтіп жатыр.