Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Алтын адам» («Жыл адамы») Мемлекеттік сыйлығының марапаттау рәсімі болып өтті. «Жыл спортшысы» номинациясында екі салмақтан чемпиондық белбеулердің иегері, кәсіпқой боксшы Фируза Шәріпова үздік шықты, деп хабарлайды SportX.kz.
«Жыл таңдауы — Жыл адамы» фестивалінің қорытындысы бойынша Шәріпова «Жыл спортшысы» деп танылып, осы номинациядағы жеңісі үшін «Алтын адам» сыйлығымен марапатталды. «Жыл таңдауы — Жыл адамы» фестивалі жыл сайын түрлі саладағы үздіктер есімін жариялайды. Олардың қатарында мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, ғылым және мәдениет, өнер, бизнес, медицина, спорт және тағы басқа салалардың майталмандары бар.
Осымен 19-рет өткізілген жылы «Алтын Адам — Жыл адамы» сыйлығына опера әншісі Зарина Алтынбаева, суретші Анар Әбжанова, кинорежиссер Ақан Сатаев, ғылым қайраткері Маратбек Ғабдуллин және тағы басқалар ие болды.
Бұған дейін «Жыл спортшысы» деген құрметке боксшы Қанат Ислам, Олимпиада ойындарында жүзуден жеңімпаз атанған тұңғыш қазақстандық Дмитрий Баландин, кәсіпқой бокстың төрт тұжырымы бойынша әлемнің экс-чемпионы Геннадий Головкин, ауыр атлет, үш салмақ дәрежесі бойынша төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин сынды спортшыларымыз ие болған.