Қазақстан-Өзбекстан. Бокстан қайсысы күшті?

Жазғы Азия ойындарының дүбірі жақындап қалды. Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасы айтулы додада ел намысын жыртатын боксшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды SportX.kz

Бұл күндері жылдың басты додасына дайындық нағыз қызған шағында. Ендігі мақсат төрт жылда бір келетін кіші олимпиадада көк байрақты желбіретіп, елге абыроймен оралу. Бокстан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы  Мырзағали Айтжанов, алдағы сынға қатысатын команда құрамын жария етіп те үлгеріпті. Айта кететін бір жәйт, алдағы жазғы ойындардың бокс бағдарламасы едәуір өзегерістерге ұшыраған. Бұған дейін шаршы алаңдағы бәсекелер он салмақ бойынша өткізіліп келсе, енді олардың саны жетеу-ақ. Ең өкініштісі- 81, 91 және 91 келіден жоғары салмақ категориялары бағдарламадан алынып тасталған. Мұндай өзгерістер кімге керек болды екен?  Бокс сүйер қауым асыға күтетін және қызығып тамашалайтын  жекпе-жектер негізінен  денелі жігіттер арасындағы бәсекелер емес пе?  Мұндай өзгертулер  бекерден-бекерге жасалмайды, мұнда бір гәп бар сияқты. Осы өзгертулерге қатысты өз ойымызды ортаға салып көрелік.  Мүмкін, біз қателскен де болармыз.

Бірінші кезекте спорттың осы түрінен Азия құрлығындағы оза шауып бәйге алып жүрген елдерді анықтап алайық. Бұл жерде бас қатырып жататын ештеңе де жоқ. Азияның мықтылары — Қазақстан және Өзбекстан. Сары құрлықта олардың алдына түсетін бір де бір ел жоқ. Сенбесеңіз, статистикаға жүгініңіз. Әрине, әр жылдары бірлі-жарым боксшыларымен көзге түсіп қалатын елдер кездесіп тұрады. Бұл тізімге  Қытай, Тайланд,,Үндістан, Филиппиндер,Моңғолия, Корея,Тәжікстан, Иран және Жапонияны жатқызуға болады. Олардың аты шығып жүрген боксшылары негізінен жеңіл және орта салмақтың өкілдері. Одан жоғары категорияларға келсек, мұнда қазақ пен өзбектің дәурені жүріп тұр. Керек десеңіз, бұдан былай ең ауыр салмақ болып қалған 75 келіде де Орта Азия өкілдері өзгелерге дес берген емес. Өздеріңіз білетіндей Азиядағы жарыс атаулыдан Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары бос қайтқан емес. Жарыс сайын алтыннан тау үйіп жүрген де осы екі елдің боксшылары. Генетикалық тұрғыдан алып қарағанда, Азия халықтарының түрі-түсі мен дене бітімдерінде айырмашылық бар. Әсіресе, біздің шығысымыздағы Қытай, Корея, Жапония одан әрі экваторға сырғысақ Малайзия, Индонезия, Филиппиндер мен тай елі тұрғындарының дене бітімі бізбен салыстырғанда кішірек. Дегенмен спорт өнерінде бұл шешуші фактор бола алмайды. Бірақ бұл шындық. Осы екі жорамалымызға сүйенсек, Шығыс және Үндіқытай аймағында орналасқан азиялық мемлекеттерге, жыл сайын түркілердің төрге шығып сайраңдағаны ұнамайтын сыңайлы. Біз қашанғы жеңе береміз, бәлкім олардың да бокста кеткен несібесі бар шығар. Соны қайтарғысы келеді. Оған қол жеткізу үшін осындай қадамдарға барады.

Ендігі мәселені Азияның мықтылары арасында өрбітейік. Кезінде Ташкенттің «Пахтакоры» мен Алматының «Қайраты» бітіспес қарсыласқа айналып, матч өтетін күні шаруасын жиыстырған  қазақ пен өзбек жаппай телевизорға жүгіретін.Ол кез өтті. Қазақ футболы Еуропаға қоныс аударғалы бері, өзбек ағайындармен жасыл алаңда кездесуден қалдық. Есесіне көршілер арасында орын алған бокстағы бақталас одан да күшейе түскендей Расында боксшыларымыз өзбектен ұтылып қалса, алдыңдағы ас батпай қалады. Рио олимпиадасында атой салған өзбек жігіттерін көріп, қызғаныштан жарылып кете жаздадық. Өйткені Рио төрінде үш алтын олжалаған ала тақиялы ағайындар біздің Сиднейдегі (екі алтын) көрсеткішімізден асып түсті. Соңғы Азия чемпионаттарында да  көрші елдің жігіттері мықтылық танытып, алдымызды орап кетіп жүр.  Ендеше жеңістің кезегін тартып алатын кез келді. Азия ойындары сияқты  мәртебесі биік байрақты додада Өзбекстанды артқа тастасақ, қалың қазақ бір қуанып қалар еді.

Бас құрамаға іріктелген боксшылар құрамы мынадай:

49 келі-Теміртас Жүсіпов, 52 келі- Азат Махметов, 56 келі- Қайрат Ерәлиев, 60 келі- Саматәлі Төлтаев, 64 келі-Бекдәулет Ибрагимов, 69 келі- Асланбек Шымбергенов, 75 келі- Әбілхан Аманқұл.

Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен  Василий Левит (91келі) және әлем чемпионатының күміс жүлдегері аса ауыр салмақтағы үмітіміз Қамшыбек Қоңқабаев осылайша Азия ойындарынан шет қалып отыр. Үшеуі де Азияның алтынына лайық. Шындығында үшеуі де өз салмақтары бойынша Азияның лидерлері. Бірақ қолдан келер шара жоқ. неде болса, жазғы ойындарға жолы түскен жеті батырдың жолына қарайтын боламыз.

 

Пікір жазыңыз