Футзалдан студенттер арасында өтіп жатқан әлем чемпионаты бүгін жалауын түсіреді. Қазақстан құрамасы әзірге дес бермей тұр. Біздің студенттер байрақты доданың жартылай финалында Аргентинадан басым түсті, деп хабарлайды SportX.kz.
Әлемдік дода сырт келбеті алыстан көз тартатын көпфункционалды Almaty Arena спорт кешенінде өтіп жатыр. Сонымен жарыстың жартылай финалының бірінде Қазақстан мен Аргентина кездесті. Ойынды ширақ бастаған алаң иелері көп ұзамай есеп ашып алға шықты. Алдымен Владислав Черномордов көзге түссе, араға үш минут салып аргентиналық Ди Рика таразы басын теңестірді. Одан әрі алма-кезек шабуылға ұласқан алғашқы таймның соңғы секундтарында қонақтар екі рет сан соғып қалды. Ұлан Жақсылықов таблодағы есепті еселесе, сол екі арада оңтайлы сәтті епті пайдаланған Біржан Оразов есепті 3:1 жеткізді.
Үзіілстен кейін шабуылды одан әрмен үдеткен жерлестеріміз тағы да гол салып кетті. Бұл ойын сәтінде Черномордовтан жеткен пасты қақпаға дәл бағыттаған Ерсұлтан Сағындықов мергендік танытты. Бұдан кейін де соғылған голдар аз болған жоқ. Нәтижесінде мұхит асып келген Мессидің бауырларын 6:2 есебімен ойсыратқан қазақ футболшылары, студенттер мундиальының ақтық сынынан орын алды. Осы күні өткен екінші жартылай финалда Поругалия 7:2 есебімен Тайландты тізе бүктірді. Қазақстан -Португалия арасындағы ақтық матч бүгін сағат 20:00 Almaty Arena спорт кешенінде өтеді.