Әлем және олимпиадалық ойындардың чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегін өткізеді. Бұл жөнінде британиялық Matchroom Boxing промоутерлік компаниясы ресми түрде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды SportX.kz.
Кәсіпқой бокс әлеміне кеше ғана қосылған Даниярдың лақапы аты да ерекше. Кімнің ойлап тапқанын білмедік, бірақ біздің Даниярды «Қазақ матадоры» деп атап жүр. Испания және тағы бірқатар елдерде «Коррида» аталатын дәстүрлі ойын бар. Арена толы көрермен алдында бұқаны азаптап өлтіретін кейіпкерді матадор немесе тореадор деп атайды. Испанияда матадорларды пір тұтады, оларға әсіресе қыз-келіншектер құштар. Ендеше Данияр-матадор ел-жұрттың қуанышына бөленіп, шаршы алаңда кездескен «бұқаларды» ұрып жыға берсін дейміз.
Бұған дейін шаршы алаңда үш кездесу өткізіп ( америкалық Ноа Кидд, венгрлер Золтан Шабо мен Габор Горбич) қарсыластарын түгел жеңген Данияр, 30-қазан күні Бостон қаласында төртінші рет шаршы алаңға көтерілмек. Қарсыласы әзірге белгісіз. Бостондағы бокс кешінің орталық матчында WBO орта салмақ дәрежесіндегі чемпионы Билли Джо Сондерс пен Деметриус Андраде қолғап түйістіреді.