Қазақ боксының болашағы осы жігіттер (ВИДЕО)

Жаңа -жылда мұхит асқан қазақ боксшыларын жаңа сынақтар күтіп тұр. 11-қаңтар күні Калифорнияда (АҚШ) үлкен кәсіпқой бокс кеші күтілуде. Осы күні рингке шығатын саңлақтар арасында біздің де бауырларымыз бар, деп хабарлайды SportX.kz.

Тәубе, кәсіпқой бокстан көкірек керіп мақтана алатын жағдайдамыз. Мұхит асқан жерлестеріміздің аяқ-алыстары бәрімізді қуантады. Жақын жылдары олардың арасынан негізгі нұсқалар бойынша әлем чемпионы атағына таласатын боксшылар өсіп шығатынына күмәніміз жоқ.

Калифорниядағы бокс кешіне келсек, бұл күні Мадияр Ашкеев (10-0, 6 КО) пен Мейірім Нұрсұлтанов (9-0, 7 КО) сынды тарландардың өнеріне куә боламыз. Әзірге екеуі де жеңілістің ащы дәмін татқан емес. Қазақ боксының ендігі үмітін Мадияр мен Мейірім және сол жақта жүрген бір топ бауырларымызбен байланыстырамыз. Реті келгенде спорт тақырыбына қалам тартып жүрген әріптестеріме, бокста несібесін жібермеген Головкинді төңіректей бермей, осындай жаңа буын өкілдерін насихаттауға шақырар едім.Менің  сөзіме елі мен жерін сүйетін Генадай патриот азамат ренжи қоймас. Шынында да қарағандылық боксшының жеңістері жайлы қалам тартпай қалған журналист жоқ-ау, сірә. Есесіне, енді бой көтеріп келе жатқан немесе жеңісі мен ісі айтуға тұратын спортшыларымызды ұмытпасақ та, аса мән беруден қалғанымыз рас. Олай болмайды. Мысалы, Бейбіт Шүменов шын мәнінде кәсіпқой бокстан (WBA-super (2010-2014) әлем чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш қазақстандық боксшы. Оны Головкин сияқты басынан сипаған БАҚ-ын байқамадық. Керісінше, оның жетістіктеріне теріс пікір жазып, қайдағыны қозғағандар болды. Қанша жерден ауқатты бол, жаттығуда тер төгіп, шаршы алаңды күшіңді дәлелдемесең, әлем чемпионы белбеуін беліңе өздері келіп байламайды. Басқа-басқа ал, кәсіпқой бокстың негізгі версиялары әркім кіріп- шыға беретін кеңсе емес, Құдай қаласа, кәсіпқой боксқа кеше ғана араласқан олимпионик Данияр Елеусінов, Батыр Жүкембаев, Жәнібек Әлімханұлы және басқа да келешегінен үміт күттіретін жерлестерімізге Бейбіт пен Генаның жолын берсін. Осымен бұл мәселеге әзірге нүкте қоя тұралық.

Жаңа жылда күтіп тұрған жекпе-жектерімізге қайта оралайық. Бірінші орта салмақта өнер көрсететін Мадияр Ашккев алдағы турнирде 32-жасар пуэрторикалық боксшы Луис Эрнандеспен (16-6, 9 КО) кездеседі. Жекпе-жек он раундқа жоспарланған. Ал орта салмақтағы Мейірім Нұрсұлтанов сегіз раундтық бәсекеде 35-жастағы ганалық былғары қолғап шебері Эрнест Амузумен (24-4, 22 КО) күш байқасып көреді.

Мадияр мен Мейірімді жаңа белестерге кәсіпқой бокс әлемінде іскерлігімен танылған литвалық менеджер Элис Климас жетелеп келеді.

Пікір жазыңыз