Алдымен «Қайратты» Еуролиганың келесі іріктеу кезеңіне өтуімен құттықтап қойғанымыз жөн болар. Алматылықтар екі кездесу қорытындысы бойынша Голландияның экс-чемпионы «АЗ Алкмаардың» алдын орап кетті, деп хабарлайды SportX.kz.
Алматыда өткен алғашқы бәсекеде жерлестеріміз қонақтардың қақпасына жауапсыз қос гол тоғытып, көңілімізді бір желпінтіп тастаған. Голландиядағы қарымта матч «Қайратқа» оңай түскен жоқ. Кездесудің 28-минутында төреші белгілеген он бір метрлік айып добын қақпаға дөп түсірген Бауыржан Исламхан, өз командасын алға шығарды. Істің насырға шапқанын жақсы түсінген алаң иелеріне алға ұмтылудан басқа ешбір амал қалмады. Үзіліске бірер минуттар қалғанда «АЗ Алкмаар» таразы басын теңестіріп үлгерді. Бұл эпизодта пенальтиді дәл орындаған Коомпейнерс көзге түсті. Не керек негізгі уақыт аяқталып, қосымша минуттар алға жылжыған тұста алаң иелері тағы бір гол салып кетті. Сонымен өз алаңында 2:0 есебімен ұтып, сырт алаңда 2:1 есебімен ұтылған «Қайрат», қос ойын нәтижесі бойынша келесі раундқа жол тартты.
«АЗ Алкмаар» — «Қайрат» 2:1 (1:1)
Голдар: Исламхан пенальтиден 28 (0:1), Тил 41 (1:1), Коомпейнерс пенальти 90+4 (2:1)
Ескертулер: Бизот 27, Оуведжан 56, Мидтше 75 — Плотников 62, Исаэль 65, Вороговский 90+1
«АЗ Алкмаар»: Бизот, Свенссон, Влаар (Боаду 57), Оуведжан, Мидтше, Коопмейнерс, Тил, Идрисси, Хацидиакос, Ротариу (Бель-Хассани 53), Фрайдей
«Қайрат»: Плотников, Вороговский, Бато, Сүйімбаев, Қуат, Исламхан (Элек 61), Исаэл, Эсеола (Эппель 74), Политевич, Аршавин (Лунин 70), Жуан Фелипе
Еуролигадағы әрбір жеңіс сайын «Қайраттың» қоржыны молая түсуде. Бірінші іріктеу кезеңіне қатысқаны үшін ФИФА тарапынан 240 мың евро, ал екінші раундтағы жеңістен соң клубтың есеп-шотына тағы 280 мың евро құйылды. Сонымен «Қайраттың» биылғы еуромаусымдағы тапқан табысы әзірге 780 мың евроны құрап отыр.
Үшінші іріктеу раунды аясындағы бәсекені алматылықтар чехияның «Сигма «клубымен өткізеді. Алғашқы ойын 9- тамыз күні өтеді.