Алматының «Қайраты» Еврокубокпен қоштасты. Чехиялық «Сигмадан» екі рет ұтылған Карлос Феррердің шәкірттері Еуропа лигасының үшінші іріктеу раундынан әріге бара алмады, деп хабарлайды SportX.kz.
Сырт алаңда 2:0 есебімен ұтылған «Қайрат», Алматыда да жеңіліс тапты. Есеп-1:2. Қарымта матчтағы алғашқы голды кездесудің 19-минутында қонақтардың шабуылшысы Мартин Нешпор салды.Таблодағы осы нәтиже үзіліске дейін өзгере қойған жоқ. Екінші таймның бас жағында алаң иелері тағы бір доп жіберіп алды. «Қайраттың» бар үмітін жоққа шығарған екінші допты Давид Гоуски соқты. Алаң иелерінің бар тапқаны бір гол болды. Бұл доп бірінші таймның соңында Нұралы Әліпті алмастырған венгриялық легионеріміз Мартон Эппель еншісінде. Қырсық шалғанда кездесудің 79-минутында екінші рет сары карточка алған бразилиялық Хуан Фелипе, ойыннан қуылып кете барды. Көп кешікпей алаң иелерінің құрамы тағы бір футболшыға кеміді. Фелипенің соңынан дәл осындай жағдайға тап болған Исаэль қуылып, жерлестеріміз формальды бәсекеге айналған кездесуді тоғыз ойыншымен аяқтады.
Екі ойын нәтижесі бойынша 4:1 есебімен жеңіске жеткен «Сигма», ЕЛ топтық кезеңіне өту үшін жарысты одан әрі жалғастыратын болды. Ал алматылық футболшыларды ел чемпионат күтеді.