Бокстан Ақтауда өтіп жатқан ел додасы күн санап қыза түсуде. Жыл сайын ел чемпионатынан жарқ еткен жаңа есімдерді іздейтініміз рас. Бірақ әзірге тәжірибесі мол, тіс қаққан шеберлер өзгелерге дес бермей тұр, деп хабарлайды SportX.kz.
Ақтауда түркістандық боксшы Қайрат Ералиевке деген құрмет ерекше. Өйткені биылғы додада атақ-даңқы жағынан Қайраттан озып тұрған боксшы жоқ. 2017-жылғы әлем чемпионатында атой салған Қайрат Ералиевті үлгі тұтатын және оған қарап бой түзейтін жастар да осында. Қайрат мұны жақсы түсінеді. 56 келі салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Ақтаудағы алғашқы бәсекесінде өзінің жерлесі Нариман Амантаймен кездесті. Тәжірибелі боксшы мен жалындаған жас шебердің теке-тіресі көпті көрген саңлақтың жеңісмен аяқталды.
Келесі айналымда Қайрат өзінен он жас кіші және өзін үлгі тұтып жүрген тағы бір жас боксшы Нұрсұлтан Исахановты сынап көретін болады.
Жалпы бұл салмақта Ералиевтен басқа Азия ойындарының жеңімпазы Ілияс Сүлейменов, халықаралық турнирлерде топ жарып жүрген ақмолалық Нұрсұлтан Қойшығұлов сынды мықтылар бар. Бірақ бұл екеуін биылғы чемпионаттан басы-ұасынан көре алмадық.
Бүгін 56 келідегі ширек финалдық бәсекелерде мына боксшылар жұбы күш сынасады:
Қайрат Ералиев (Түркістан облысы) – Нұсұлтан Исахан (Астана)
Жандос Шерәлі (Алматы) – Жанболат Қыдырбаев (Жамбыл облысы)
Нұрбол Қалжанов (Маңғыстау) – Айбек Досанов (Алматы облысы)
Сағындық Молдашев (БҚО) – Оразбек Асылқұлов (Ақмола облысы)