Қостанайдың «Тобылы» Еуропалық лиганың екінші іріктеу кезеңі аясындағы алғашқы матчта Ереванның «Пюник» клубынан басым түсті, деп хабарлайды SportX.kz .
Қостанайдағы ойын 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Стадионға жиналған көреремендерге бүгінгі ойындағы алғашқы голды ұзақ күтуге тура келді. Үзіліске дейін екі жақтың да қорғаныс шебі сыр бере қоймады. Тек екінші таймның басында қонақтар қақпасынан саңлау тапқан Максим Федин, алаң иелерін алға шығарды. Кездесудің 80-минутында өз мүмкіндігін епті пайдаланған Азат Нұрғалиев таблодағы есепті 2:0 жеткізді. Бір өкініштісі «Тобыл» осы тиімді нәтижені ойын соңына дейін ұстап қала алмады. Матч аяқталуға санаулы минуттар қалғанда армениялық футболшылар есепті қысқартып кетті.
Екі команда араға бір апта салып, Ереванда өзара қарымта матч өткізеді.