Бірер сағаттан соң қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Мәскеуде латвиялық Анастасия Севастовамен сынға түседі, деп хабарлайды SportX.kz.
Жүлде қоры 932 866 $ құрайтын «ВТБ Кремль Кубогының» алғашқы айналымында еліміздің бірінші ракеткасы румыниялық Ирина Бегуден алда болды. 1 сағат 9 минутқа жалғасқан екі сеттегі ойын— 6:2, 6:0 есебімен аяқталды. Астана уақыты бойынша 15:30 Путинцева мен Севастова өзара бәсекеге кіріседі.
Дәстүрлі турнир 20- қазанға дейін жалғасады. Былтырғы жылы жарыстың бас бәйгесін неміс теннисшісі Юлия Гергес иеленген. Германиялық шебер ақтық сында 6:1, 6:2 есебімен ресейлік Дарья Касаткинадан басым түскен болатын.