Хоккейден Континенталдық лиганың тұрақты чемпионатында кезекті турдың нәтижелері белгілі болды. Өз алаңында Магнитогорскілік «Металлургті» қабылдаған «Барыс» жанкүйерлерін бір желпінтіп тастады, деп хабарлайды SportX.kz.
Соңғы кездері астаналық хоккейшілер бірде ұтса, бірде жеңіліп жүр. Бір сөзбен айтқанда ала-құла ойын көрсетуде. Әйтседе жанкүйерлердің сүйікті клубына деген ықыласы қашанда зор. «Металлургпен» өткен матчтың ортасынан «Барыстың» белді ойыншыларын көре алмадық. Дегенмен таразы басы арлы-берлі теңселген тартысқа толы бәсеке жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Алдымен Алексей Маклюков пен Кертис Волк ұйытқы болған шабуылды нәтижелі соққымен аяқтаған Павел Акользин алаң иелерін алға шығарды. Бүгінгі ойындағы екінші голға тағы да Маклюков пен Волк себепкер болып, шешуші соққы жасаған Мэттью Фрэттин қонақтарды екінші рет ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Еңсесін көтеруден қалған қонақтарымыз көп ұзмай үшінші рет қапы да қалды. Бұл жолы Никита Михайлис көзге түсті.
Жауапсыз үш гол тоғытқан жерлестеріміз аяқты кеңге сала бастаған тұста, тайлы-таяғымен алға ұмтылған қарсы жақ шабуылды үдетіп қоймай есепті теңестіріп кетуге сәл қалды. Осы эпизодтарда Роман Любимов пен Ииро Пакаринен «Барыстың» қақпасын екі рет дәл көздеді. Дегенмен жеңісті ұстап қалдық. Қорытынды есеп -3:2.
Осы кездесуден кейін Президенттік спорт клубының командасы Шығыс Конференцияның турнир кестесінде 46 ұпаймен бесінші орына келеді.
Бас демеуші — «Самұрық -Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»