Венгрияда өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионаты мәреге жақындап қалды. Кешегі ширек финалдық кездесулерден кейін он боксшымыз жарыстың жартылай финалынан орын алды, деп хабарлайды SportX.kz.
Он боксшымыздың әлемдік доданың жартылай финалынан орын алғаны, бүгінгі қазақ бокс мектебінің деңгейін көрсетсе керек. Сөз жоқ, жап-жақсы көрсеткіш. Ендігі мәселе, қоржынға түсетін медальдардың сапасы болып тұр. Кешегі ширек сын аясындағы жекпе-жектердің бірінде 91 келіде бақ сынайтын жерлесіміз Айбек Оралбай ұпай санымен америкалық Дэвид Стивенсоннан басым түсті. Жергілікті былғары қолғап шебері Фехер Каппанимен өткен бәсекеде, айқын басымдылық танытқан Дамир Таубай да жарыстың келесі раундына жолдама алды. Аса ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Дамирдің жолына үлкен үмітпен қараймыз. Айзада Еслямғали (54 келі) тартысты өткен бәсекеде үнді елінің өкілі Дивье Павардан, ал Жансая Әбдірайымова (51 келі) ресейлік Любовь Шараповаға дес бермеді.
Бүгінгі жартылай финалдық бәсекелерде шаршы алаң төрінде Махмут Сабырхан (49 кг), Ермахан Жақпеков (69 келі), Нұрбек Оралбай (75 келі), Сағындык Тоғамбай (81 келі), Айбек Оралбай (91 келі) Дамир Тойбай (+91 келі), Гузаль Садықова (81 келі), Жансая Әбдіраимова (51 келі), Анель Қудайберген (48 келі) және Айзада Еслямғали (54 келі) көтеріледі.