Нұрзат пен Садриддин алдағы күні мексикалықтармен жұдырықтасады

Екінші орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшы Нұрзат Сабыров (7-0, 6КО) 24- қарашада мексикалық Рокки Монтойя Почекомен (32 — 2, 22 КО) жұдырықтасады, деп хабарлайды SportX.kz.

Нұрзат Сабыров қатысатын бокс кеші Канаданың Квебек провинциясындағы Римуски қаласында өтеді. 36-жастағы Рокки Монтойя Почеко шаршы алаңда 32- кездесу өткізіп, 22 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған. Бары-жоғы екі рет жеңіліпті. Керек десеңіз карьерасында чемпиондық белбеуге де таласқан. WBC белбеуі сарапқа түскен титулдық кездесуде өзінің отандасы Давид Лопестен (42-16-1, 24 КО) ұтылыпты. Осыған қарағанда осал боксшыға ұқсамайды.

Квебектегі бокс кешінде тағы бір отандасымыз Садриддин Ахмедовке (4-0, 4КО) өз өнерін ортаға салмақ. Жеңіліп көрмеген Садриддинге мексикалық Жозе Франсиско Зунига (14-11-2, 5 КО)  қарсы тұрмақ.

Жеңілмеген қазақтар соңғы жекпе-жектерінде мексикалық боксшыларды тізерлеткенді. Нұрзат бауырымыз техникалық нокаутпен Гильермо Ромероны (12-7, 9КО), ал Садриддин болса Хесус Хавьер Мендосты (7-6-1, 6КО) мерзімінен бұрын рингтен қуып шыққан..

 

Пікір жазыңыз