Парижде жергілікті «ПСЖ» сербиялық «Црвена Звезданы» 6:1 есебімен тізе бүктірді. Осы ойында бразилиялық шабуылшы Неймар үш голдың авторы атанды, деп хабарлайды SportX.kz.
Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің бірінші турында «Ливерпульге» есе жіберген «ПСЖ» бар ашуын «Црвена Звездадан» алғандай болды. Бұрын-соңды мәртебелі турнирдің топтық кезеңінде бой көрсетпеген сербиялық футболшылар алғашқы турда «Наполимен» тең ойнап, көпшіліктің қошеметіне бөленген. Бірақ қаһарына мінген «ПСЖ» оларды аямады. Кездесудің (20, 22 және 81- минуттарында) Неймардың жұлдызы жанса, Эдинсон Кавани (37), Анхель Ди Мария (42) және Килиан Мбаппе (70) соққан голдар легі қонақтарды нокаутқа жіберді. Алты голға бір доппен жауап қайтарған «Црвена Звезда» сапында Марко Марин (74) көзге түсті.
24-қазан күні Пари-Сен-Жермен өз алаңында » Наполиді» қабылдаса, сербиялық клуб Ливерпульге сапар шегеді.
ПСЖ — «Црвена Звезда» 6:1
Голдар: Неймар 20, Неймар 22, Кавани 37, Ди Мария 41, Мбаппе 70, Неймар 81 — Марин 74
ПСЖ: Ареола, Кимпембе, Силва (Керер 76), Менье, Верратти, Бернат, Рабьо, Ди Мария, Кавани, Неймар (Дракслер 82), Мбаппе (Чупо-Мотинг 76)
«Црвена Звезда»: Борян, Савич (Бабич 46), Родич, Стойкович, Дегенек, Чаушич, Йовичич, Крстичич, Марин, Симич (Павков 46), Бен-Мохамед (Эбесилио 73)
Ескерту: Стойкович 68, Павков 75