Парижде «Үлкен Дулығаны» құрайтын төрт турнирдің бірі «Ролан Гаррос»мәресіне жетті. Әйелдер бәсекесінде румыниялық Симона Халеп үздік шықса, ерлер арасында әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық теннисші Рафаэль Надаль ерледі.
Халеп осыған дейін «Үлкен Дулығаның» финалында бір емес үш рет өнер көрсеткен. Бірақ соның бірінде де жолы болмапты.Әйтседе жеңіске деген жігері мойымаған теннисші, түбі өз дегеніне қол жеткізді. Париждегі жарыстың ақтық сынында румыниялық бойжеткен америкалық Слоан Стивенстен басым түсті. Үш сетке жалғасқан бәсекенің нәтижесі3:6, 6:4, 6:1.
Ерлер додасындағы шешуші ойында «Ролан Гарростың» он дүркін жеңімпазы, әлемнің бірінші ракеткасы, Рафаэль Надаль мен аустриялық Доминик Тим кездесті.»Үлкен Дулығаның» финалдық кезеңіне алғаш рет аяқ басқан Доминик, азулы қарсыласының екпініне төтеп бере алмады. Үш сеттегі ойын — 6:4, 6:3 және 6:2 есебімен Надальдың пайдасына шешілді.
Осы жеңістен кейін рейтингтегі есебіне тағы 2000 ұпай жазған әлемнің үздік теннисшісі, қомақты қаржыға кенеліп шыға келді. Дәлірек айтсақ Париждегі жеңісі үшін оның есеп шотына 2,2млн евро құйылды.