«Ювентус» сапындағы бразилиялық жартылай қорғаушы Дуглас Коста ойын барысында спорттық мәдениетке жат, тым дөрекі қылығымен көзге түсті, деп хабарлайды SportX.kz.
Келеңсіз оқиға төртінші тур аясындағы «Сассуоло» клубымен өткен матчта орын алды. Ойын аяқталуға санаулы минуттар қалғанда Коста «Сассуоло» шабуылшысы Федерико Ди Франческомен сөзге келіп қалады. Ойын алаңындағы жанжалды қарап, жағаңды ұстамасқа амал жоқ. Алдымен Ди Франческоны шынтағымен бір ұрып өткен Коста, бұл аз болғандай төрешінің көзінше басымен бір сүзіп өтті. Оған да мейлі, ал алдындағы футболшының бетіне түкіргені тым шектен шыққан әрекет болды. Одан да «еркекше» жақсылап бір соққы жасаса болады ғой. Әрине, бізге футболшылардың төбелесі емес ойыны қызық. Осыны ұмытпаса екен.