ММА: Миллион доллардан Жұмабек те үмітті (ВИДЕО)

Аралас жекпе-жектен аты шығып жүрген қытайлық қандасымыз Жұмабек Тұрсын (20-8-1) Жаңа Орлеанда (АҚШ) өтетін Кәсіпқой сарбаздар лигасының (Professional Fighters League) ширек сынында өнер көрсетеді, деп хабарлайды SportX.kz.

Аралас жекпе-жектен жарыс ұйымдастырумен айналысатын Professional Fighters League 72,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі сарбаздар арасында миллион доллар тігілген турнир өткізіп отыр. Қай жеңгені қалтасына миллион доллар басады. Үміткерлер қатары турнир сайын азайып келеді. Қазір сегіз сарбаз қалыпты. Олардың бірі- Жұмабек Тұрсын.

Сөзімізді турнирдің алғашқы кезеңінен бастасақ, америкалық Лэнс Палмерден (14-3) ұтылған қытайлық қандасымыз жарыс жолынан шығып қалған еді. Алайда кезекті сын алдында жарақат алып қалған ресейлік Тимур Валиев турнирден бас тартуға мәжбүр болды. Сол себепті оның орнына октагонға Тұрсын шығатын болыпты.

Құдай қаласа, ертең түнде бауырымыз Жаңа Орлеандағы Эрнест Мориаль конференц-орталығында бразилиялық Алешандро Альмейдамен жекпе-жекке түседі. Егер қарсыласын ұтып жатса, қандасымызды жартылай сыннан күтетін боламыз. Алғашқы кезеңде Жұмабекті ұтып кеткен америкалық Лэнс Палмер ширек сында Макс Когамен (20-5) күш байқасса, қалған екі бәсекеде  Стивен Силер (31-17) — Назарено Малегари (35-5) және Андре Харрисон (19-0) — Алешандре Безерра (22-5) кездеседі.

 

 

Пікір жазыңыз