ММА: Мәскеуде апайтөс жігіттер чемпиондық белбеуге таласады (ВИДЕО)

10 қарашада ресейлік АСВ лигасы осы жыл аясындағы соңғы турнирін өткізеді. Мәскеудегі кештің басты бәсекесінде аталмыш ұйымның ауыр салмақтағы чемпионы Мухамат Вахаев пен титулдан үміткер Сергей Билостенный күш сынасады, деп хабарлайды SportX.kz.

Былтырғы жылдың тамыз айында Денис Гольцовты ұтқан Мухамат Вахаев чемпиондық белбеуді беліне таққан. Енді алдағы Сергей Билостенныймен өтетін жекпе-жекте Мухамат чемпиондық атағын қорғайтын болады. Бұған дейін өзара кездескен екі дәу бірін-бірі жақсы біледі. 2016-жылы өткен бәсеке ұзаққа бармаған. Бірінші кезеңнің соңына таман Сергейге қарсы қылқындыру әдісін епті пайдаланған Мухамат таза жеңіске жеткен болатын.

Ол кезде Сергейдің жасы 21 ге толмаған. Екі жылға есейген Билостенный бұл күндері нағыз ұрыс салатын жасында. Осы арада сарбаздың шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі де өскен. Титулдық жекпе-жекке жол ашқан соңғы кездесулерін Сергей өте тамаша өткізді. Үміткер өзімен бәсекеге түскен Амирхан Исагаджиев пен Дмитрий Заборотныйды нокаутқа түсіріп, Мухаматпен қайта төбелесуге мүмкіндік алды.

Осы күні есімі қазақстандық көрерменге жақсы таныс Расул Мирзаев бразилиялық Глеристоне Сантоспен күш сынасып көреді. О баста Мәскеудегі турнирде Мирзаев біздің Арман Оспановпен кездесетін болған. Бірақ ескі жарақаты сыр берген жерлесіміз жекпе-жектен бас тартты. Осы лига аясындағы турнирдің бірінде төрешілердің ашықтан-ашық бұра тартуы арқасында Арманды ұтып кеткен ресейлік Алексей Полпудников алдағы кеш Александр Педусонмен кездеседі екен.

Пікір жазыңыз